2019 жылдың 9 сәуір күні Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, Темір жалпы орта мектебі және Темір ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Отырар музейінің негізін қалаушы, тарихшы ұстаз Асатай Әлімұлының 90 жыл толуына орай «Халық мұрасының жанашыры» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті.
Аудан көлеміндегі бірден-бір ғылыми орталықтың ашылуына себепкер болған тарихшы археолог Асантай Әлімовтің қазіргі таңда төл тарихымыздан мол мағлұмат беретін сол бір кездерде тірнектеп жинаған құндылықтарының жарыққа шығып, зерттеліп, зерделенген жәдігерлері мұражай төрінен орын алып, халық игілігіне айналғандығын насихаттау мақсатында өткен семинарға мәдениет саласының өкілдері, мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Семинарды ашып берген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің суретшісі Ә. Мәлік және мәдениет сарайының директорының орынбасары К.Тәңірбергендер тұлғаның ұлылығын ұлықтайтын семинарды ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, Асантай Әлімов жайлы естеліктерін де еске салды.
Отырар музейінің аға ғылыми қызметкерлері Қ.Кемелова «Музей адамы – А.Әлімов 90 жаста», М.Ахмет «Өлкетанушы – Асантай Әлімов» тақырыптарында баяндама жасады. «Өлкетану» мұражайының жетекшісі А.Сартбаева ұйымдастырған «Жас өлкетанушылар» үйірмесінің оқушылары өз ойларын жыр шумақтар арқылы жеткізсе, Асантай Әлімовтың ұлы Марэн Әлімов әкесі жайлы естеліктерін толғаныспен еске алып, көпшілікке ол кісінің "сегіз қырлы, бір сырлы" жан болғандығын айтты. Асантай Әлімовтің немересі «Ел айрылған» күйін және 6-сынып оқушысы Бердіқұл Байболат "Жастар биі" күйін орындап, көрермендерді тәнті етті. Жиын соңында Темір ауылдық мәдениет үйінің дирекоры М.Қауымбаев, Темір мектебінің оқу ісінің орынбасары Х.Басқынбаева келген қонақтарға алғысын айтып, «Асантайдай тұлғаның өмірі мен халық үшін жасаған парасатты тұлғаның өмірі мен халық үшін жасаған еңбегін ұмытпау бізге парыз» деп қорытындылады.