Көне Отырар жеріндегі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстан бабтың кесенесі ХІІ ғасырдағы сәулет өнерінің туындысы. Кесене Арыстан баб өмірден өткеннен соң, көп уақыт өтпей тұрғызылған. Құрылысқа көлемі 18х9х3,5 және 19,5х15,5х4,5 см келетін күйдірілген қыштар пайдаланылған. Уақыт өте келе құрылыс құлап, жермен-жексен болды. Кейіннен Әмір Темірдің ықпалымен XIV-XV ғғ. аралығында Арыстан баб қабірі үстіне қайта тұрғызылды. Құрылысқа көлемі 24х24х4,5 см келетін күйдірілген қыш пайдаланылған.
Республикалық дәрежеде қорғалатын ескерткіштің жәй-күйі әрдайым бақылауда ұсталып, қажет жағдайда кесенеге жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады.
2017 жылы «Қазқайтажаңарту» кәсіпорнының мамандары Арыстанбаб кесенесіне толық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген болатын. Атап айтар болсақ, кесененің намазхана бөлмесінің төбе жабындысы қайта аршылып, қамыс салынып, үстінен темір жабындымен қапталды. Еден астына салқынды және суды өткізбеу үшін гидрооқшау орнатылып, еден салынып, кілем жапсырылып, еденкемері (орыс тілінде: плинтус) қағылды. Сонымен қатар, кесене есіктері ауыстырылып, ғимараттың ішкі қабырғаларына әрлеу (тегістеу, түзету) жұмыстары жүргізілген болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан игі іс барысы ағымдағы жылы да өз жалғасын табуда. Биылғы жылы Арыстанбаб кесенесінің айналасына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кесенеге зиярат етуші қонақтарға қолайлы жағдай жасалынуда.
Азия алабындағы ежелгі сәулет өнері ескерткіштерінің бірі – Арыстанбаб кесенесіне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің директоры Әубәкір Жандос Мағазбекұлына және аталған мекеменің қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Сіздер ерен еңбектеріңіздің арқасында кең байтақ еліміздегі тарихи-мәдени орындарды қайта қалпына келтірумен қатар, қайта жаңғыртып, түлетіп жатырсыздар. Осы салада тынымсыз еңбек етіп, көптеген белес-биіктерден көріне берулеріңізге тілектеспіз!