Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі орталықтардың бірі, ғұлама ғалым Әбу Нәсір Әл-Фарабидің отаны Отырар - Қазақстанның Оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. Отырар ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда өндірісі, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған әлемдік мәдениеттің ірі орталықтарының бірі болған VІ-VІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шегіндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХV ғасырларда Қазақстанның Оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХVІ-ХVІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығына айналды.
Деректерге қарағанда Отырардың соңғы тұрғындары қаланы ХVІІІ ғасырдың орта шенінде тастап Түркістан, Шымкент, Шілік жағына қоныс аударған. Содан бергі дәуірлерде Отырар қаңырап бос қалып, жергілікті тұрғындар Отырартөбе деп атап кеткен, үйіндіге айналды. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады. Кең ауқымды зерттеу 1969 жылы Кемел Акышев басшылық еткен комплексті экспедицияның жүргізген қазба жұмыстарымен жалғасады. Нәтежесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылды.
Осы зерттеулер нәтижесінде көп жылдардан бері Отырар мен оның төңірегіндегі көптеген қалалар мен қалашықтардан кездейсоқ және археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған сондай-ақ ел арасынан жиналған көненің көзіндей болған этнографиялық тарихи мұраларымыздың дені Шәуілдір ауылындағы Жібек Жолы даңғылының төрінде орналасқан Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қорында сақтаулы тұр.