2019 жылы 15 маусым күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырар ауданында арнайы іс –сапармен болды. Сапар барысында министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркияның қоюшы-режиссері Метин Гюнеймен кездесіп, Отырар қалашығын таныстырды. Метин Гюнейдің режиссерлығымен «Қазақфильм» киностудиясы Қасым Ханның тұлға ретінде қалыптасуы және Қазақ хандығының өркендеуі мен нығаюы үшін күресі туралы баяндалатын телехикая түсіру жоспарланып және оны түсіру Отырар қалашығынан бастау алатындығы белгілі болды.
«Ертұғрыл» ірі кино жобасының режиссеры Метин Гюней: - "Біріншіден ата топырағымызға келгеніме қуаныштымын. Осы өлкені маған танытқан, көрсеткен министр Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымды айтамын. Біздің ортақ тарихымыз бар. Қасымхан деген тарихи тұлғаның өмірі жайында өзінің ата жерінде түсірілім бастауды қолға алып жатырмыз. Дәл қазір біздің түсірілімге келетін ыңғайлы орындармен танысып жатырмыз. Үлкен іс жасауды жоспарлағандықтан шынайы, тарихи жерлерді қарастырып жатырмыз. Біз осы орынға келіп көріп жатырмыз тағы үш мекен бар. Хикаямызда көп тарихи қалалар бар, әлбетте осы тарихи орында да түсіруіміз мүмкін",- деді ол журналистерге берген сұхбатында.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Метин мырзаға алғыс айта отырып, Елбасымыздың арнайы шақыртуымен Метин мырзамен бір жылдың ішінде көптеген жұмыстар жасалынған айтып, Қасым хан туралы телехикаяның сценарий жазылып, дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, ол сөзінде: "Біздің мақсатымыз өнердің барлық саласының жұмыстарын бір жүйеге келтіріп тоғыстыруымыз керек. Осы ірі жобалардың арқасында көне қалаларымыз Отырар, Сауран, Сарайшықтарды дүниежүзіне паш ететін боламыз.
Осындай ірі жобалармен қатар тарихи орындарға реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Біз үшін бұл кино жобасы өте күрделі әрі жауапты жоба болғандықтан, біз жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің ең басты мақсатымыз тарихымызды әлемге танытып, шетелдік туристтерді елімізге тартуымыз керек" – деді.
Сонымен қатар министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Отырартөбеде жүргізіліп жатқан «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің жұмыстарымен танысып, көне Отырар келбетін қалпына келтіру мақсатында бірнеше тапсырмалар берді.