2019 жылы 5 тамыз күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде Елорда күніне орай «ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗДІК ТОЛҒАУЫ» тақырыбында көрменің ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты Елбасының еліміздің еңсесін тіктетіп, мемлекетімізді мығымдап, халқымызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтату мақсатында атқарған қызметі мен рөлін, оның кітаптары мен ой-толғамын насихаттау болып табылады. Көрмеге зиялы қауым өкілдері мен музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Көрменің ашылуында сөз алған мекеме басшысы Ерсін Ботабайұлы «Әлем өркениеті тоғысқан Елордамыздың туған күні құтты болсын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да парасатты саясатының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық кеңістіктің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің ошағына айналды.
Айтулы қалада қаншама стратегиялық шешімдер қабылданып, іргелі еңбектер жүзеге асырылды. Бүгінгі жеткен жетістігіміз де тікелей Тұңғыш Президентімізге қатысты. Халықтың құрметіне бөленген қазақтың азаматы, нар тұлғалы ұлт көшбасшысының есімі Астана қаласына берілуі дұрыс жасалған шешім деп білемін.
Өйткені, өзі негізін қалаған елорданың бүгінгі келбеті, бүгінгі жетістіктері мен мемлекетіміздің әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз тең болуы үшін қажыр-қайратын, күш-жігерін аямаған ұлт көшбасшысы еңбегінің ұшан-теңіз екені баршамызға мәлім», -дей келе жаңа заманда жасампаздықпен қалыптасып жатқан астанамыздың өсіп, гүлденуіне тілектес екендігін жеткізді.
Этнограф, музейтанушы Абдулла Жұмашовқа көрмені таныстыруына арнайы ұсыныс айтып, сөз кезегін берді. Ұсыныс айтудағы себеп, көрмеге қойылған Астананың негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаев жайлы фото топтамалар мен жәдігерлердің тарихын қыр-сырына дейін білетін Абдулла Жұмашев еді.
Көрменің жалғасы «Еңсесі биік Елорда» тақырыбындағы дөңгелек үстелге ұласты. Тәуелсіздігімізді алып, егемендігімізді бекіткеннен кейінгі еліміздің дамуы, оның әлем алдындағы беделінің өсуі, Қазақстанның астанасын Сарыарқаның төріне орналасуы, Елбасы бастаған қазақ халқының қажырлы еңбегі, Елорданың Астана атауы Нұр-Сұлтанға ауысуы сөзге тиек болып, Отырар аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жаңабай Сатыпалды және Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасыТемірбек Мырзахмет мен Бақытжан Сапарбаев, Абдулла Жұмашевтар өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Отырар қорық-музейінің таныстырушысы Гүлмира Арыстанбаева дайындаған баяндамасын оқып, Елордада тұрғызылған нысандардын тарихына тоқталды. Сондай-ақ, Астананың Нұр-Сұлтан атауына өзгертілуі туралы қысқаша слайд көрсетілді.