2018 жылдың 28 маусым күні Ордабасы ауданы Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалалық бағдарламасы аясында Отырар мемлекетттік археологиялық қорық-мұражайы «Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар» бөлімінің ұйымдастыруымен «Бабалар мұрасы – халық қазынасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты: Қазақтың қолөнерін дамытып жүрген қолөнер шеберлерінің еңбектерін насихаттау. Олардың қолдарынан шыққан төлтумаларының біз үшін құнды дүниелер екендігін, маңыздылығын түсіндіру.Ең бастысы – халқымыздың қолөнер мәдениеті мен тіл мәдениетінің байлығын, этнографиялық қазыналарымыздың дәстүрлі қорларын жинап, атадан балаға жалғап, тарихта қалдыру. Ұрпақтарды өз ұлтының қолөнер мәдениетінің айдынынан сусындату.
Ұйымдастырылған іс-шараға Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының қызметкерлерімен қатар, Қажымұқан атындағы облыстық спорт мұражайының қызметкерлері, Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері, орта білім беру мекемелерінің технолог-мұғалімдері, халық арасынан шыққан қолөнер шеберлері қатысты. Дөңгелек үстелді Қажымұқан атындағы облыстық спорт музейінің директоры Раймбекова Гүлдаря Рыстайқызы ашып берді. Мұражайдың ғылыми қызметкерлері Маябасова Гүлхан «Мұражай – руханияттың айнасы», Өскенбаева Жадыра «Отырар этнографиясы» тақырыбындағы баяндамаларын оқыды.
Дөңгелек үстелде Ордабасы өңірінің қолөнер шебері Сенбі Қиясбек, Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейінің таныстырушысы Жұматаева К., орта білім беру мекемелерінің технолог-мұғалімдері Тұяқбаева Жазира, Ерназар Жанар өздерінің ұсыныс, пікірлерін білдіріп, шеберлер өздері жасаған қолөнер туындыларын Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайына сыйға тартты. Дөңгелек үстел барысында тақырыпқа сай слайд көрсетіліп, іс-шараны Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының «Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар» бөлімінің меңгерушісі, т.ғ.к. Жұмашова Ақлима Абдуллақызы қорытындылады.