ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 15 сәуір күні Павлодар облысы Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «Қамалы бекем, халқы қайсар - Отырар» (Отырар қорғанысына 800 жыл) тақырыбында көрме ашылады.
Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды.
ІІ-бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар;
ІІІ-бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер;
ІV-бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылады;
Тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып жатқан Отырардағы археологиялық қазба, зерттеулер нәтижесінде табылған, тарихи мұраларымыз осындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы» РМҚК қорында жинақталған жәдігерлерінен жабдықталған көрме 1 ай көлемінде жалғасын таппақ.